🐋Көк кит🐋
Күзгі жаңбыр бірде шелектеп құйып, бірде себелеп, бірде тоқтап тұр. Даланың суығы сүйегіңнен өтеді. Соққан желдің ызғары бетіңді тіліп өтуге дайын. Көз алдыңды тұмшалайтын тұман да бар. Мұның бәрі көңілге күдік ұялатады.
Жұмыс пен үйдің арасында жүгіріп жүрген ата-ананың да қайтатын уақыттары таяп қалды. Ал бір қолына қағаз, бір қолына ұялы телефонды ұстаған күйі Сәуле алты қабатты үйдің шатырында тұр. Көзінен аққан жас құрғап үлгермей жатыр. Ойындағы кім, неге, қалай, қашан деген сұрақтардан арылар емес. Кімге сенерін, не айтарын, қалай түсіндірерін білмей әлек. Біреу тұрмақ өзіне де түсіндіре алмайды. Артқа қайтар жолдың жоқ екенін ойына анық түйіп алған. Мұның бәрінің қалай басталғанын есіне түсіруге де қорқады.
Осының бәрі елу күн бұрын басталған болатын. Сәуле әдеттегідей сабақ үстінде ұялы телефонға үңіліп, инстаграм желісін шарлап отыр. Бір мезгілде «ойынға қосылғым келеді, көк кит» деген хэштегі бар суретті көзі шалып қалады. Бірақ ештеңе ойламастан ары қарай ақтара береді. Енді байқап қараса, осындай хэштегті сурет көп болып шықты. Бір қызығы осындай мәтінді суреттердің астында «ойнама, қажеті жоқ» деген пікірлер көп, әрі осы суретті ұнатқан қолданушылардың да саны жетерлік. Мұның не ойын екенін сұраса, сыныптастары да хабарсыз болып шығады. Адамды бірдеңе қызықтырса, жауабын білмейінше тынышталмайды ғой. Сол себепті көп ойланбай, Сәуле де жүктеп отырған суретінің астына «ойынға қосылғым келеді» деп жазады. Қоңырауда мұнысы ұмыт қалды.
Үйде кешкі ас ішілуде. Дастархан басында жұмыс басты әкесі ұялы телефонмен сөйлесіп отыр, анасы құрбылармен хат алмасып отыр, ағасы ғаламтордан түрлі бейнебаяндар көру үстінде. Сәуле де бос отырмау үшін әлеуметтік желілерге кіреді. Сабақ уақытында салған суретіне жазылған пікір мен басылған лүпілдер (лайк) Сәулені таңғалдырды. Қуанғаны сонша – бір сәт көз алдына құрбыларына көрсетіп мақтанып жатқаны елестеп кетті. Өзінің суреті екеніне көзін жеткізу үшін анықтап қарап жатып, өзіне хат келгенін байқап қалады. Ашып қараса, белгісіз біреу «осы ойынды ойнауға дайынсың ба?» деп жазып жіберіпті. Қызыққұмар Сәуле еш ойланбастан, «әрине» дейді. Сәуленің жазып жібергені сол-ақ еді, белгісіз қолданушыдан: "Ендеше бүгіннен бастаймыз. Сен ешкімге ештеңе айтпауың керек, тек жәй ғана біз жіберген тапсырманы орындасаң болды. Соңы қызық болады" деген жауап келді.
Сәулеге керегі де осы еді. Күнделікті мектепке барудан, үй шаруасын істеуден жалыққан ол қызықты ойыннан неге бас тартсын?
Ең бірінші тапсырмасы ақ параққа көк киттің суретін салу болатын. Сурет салуға жақын Сәулеге бұл түкке тұрмады. Белгісіз біреудің келесі тапсырмасы – қолынан ине тығу арқылы қан шығару. Қайсар Сәуле үшін бұл да қиындық тудырмады. Оқушы қыз осының бәрін күніне бір рет жасайтын да, жасаған жұмысы туралы әлгі қолданушыға есеп беріп отыратын. Беретін тапсырмалары әртүрлі еді: алақанына киттің суретін қырып жазу, саусағын қанату, білегін кесу, шашын қиып тастау және тағы да басқа ақылға қонымсыз нәрселер.
Осылай талай күндер өтті. Сәуле мұны ешкімге тіс жарып айтқан емес. Тіпті қызыққан жан да болмаған еді. Жұмысынан қолы тимейтін әкесі Сәулені тек кешке көретін, анасы бос уақытында теледидар көріп демалғанды жөн көретін, ал ағасы болса тек шаруасы болғанда ғана тіл қататын.
8-сынып оқитын Сәуленің денесіне келтіріп жатқан жарақаттарын, оның күннен-күнге гүлдей солып жатқанын ешкім байқамаған еді. Сыныптағы ең көңілді, сөйлегіш, тынымсыз оқушы тіс жарып, сөз айтпайтын тұйық қызға айналды. Берілетін тапсырмалар уақыт өткен сайын адам қорқатындай болып өзгере берді. Әлгі белгісіз кішкентай қызды психологиялық түрде әлсіретті. Сәуле бұл тапсырмаларды неге орындап жүргенін де білмейді. Бірақ оны жетелейтін «соңы не болмақ, мені не қызық күтіп тұр екен» деген ой болатын.
Осының бәрінің басталғанына тура қырық тоғыз күн толды. Мектептен оралған Сәулені соңғы тапсырма күтіп тұр. Әдеттегідей өз бөлмесінде сабақ оқуға дайындалып жатқанда хатты тексереді. Бұл ең соңғы және ең сорақы тапсырма еді. Ол – өз-өзіне қол жұмсау. Хатты оқи сала, орындығынан құлап түседі. Неге? Қалай? Шын ба? Есін тез жинаған Сәуле мұндай тапсырманы орындаудан бас тартатынын бірден жазып жібереді. Бірақ ол жауап ретінде тек бір сілтеме алады. Ашып көрсе, жәй ғана қателік екен. Белгісіздің ендігі жазғаны «менде сен туралы толық мәлімет бар, ата-анаңды да, ағаңды да оңай тауып аламын, егер тапсырмамды орындамасаң, сенің орныңа олардың біреуі өлетін болады, артқа қайтар жол жоқ, ұмытпа». Үнсіздік. Өз көзіне өзі сене алар емес. Шарасыздықтан тыныш қана жылайды.
Түні бойы көзі ілінер емес. Санасы сан саққа бөлінді. «Қалай? Кім? Неге?» деген сұрақтар ойын жегідей жеуде. Осы хәлде жатып таңның қалай атқанын да байқамай қалды. «Ауырып жатырмын» деген сылтаумен сабақтан да қалып қойды. Кешке дейін көз алдына неше түрлі өлімнің көріністерін елестетіп шықты.
Бір мезет бірдеңеге бекінгендей болып түрегеліп, сөмкесінен бір парақ қағаз бен қаламсап алып, жаза бастады. «...Кеш болса да, кешірім сұраймын. Сендерді сағынатын боламын». Көзінен судай аққан ыстық жас қағазды еріте бастады. Артына еш бұрылып қарамастан, есікке беттеп, аз уақыт ішінде шатырға жетіп үлгерді.
Арық ақ-сұр денесін салқын жаңбыр мен суық жел одан бетер ағартып жіберді. Көп ойланды. «Қайсысы? Өмір ме, өлім бе? Шынымен-ақ басқа жолдың болмағаны ма? Болды ойнағым келмейді. Жетер! Тоқтатыңдаршы мына қарғыс атқыр ойынды! Өтінемін. Көмектесіңдерші әке, анашым, ағатайым... »
Жалғыз ғана «қош болыңдар!» деп сыбырлап үлгерді. Артында қалғаны тек қағаз бен ата-ананың ащы зары...#көккит#ойынғақосылғымкеледі...
Ғалымжан Раушан Зейінқызы,
Математикалық және компьютерлік
модельдеу мамандығының 1-курс студенті